Саясат

Сұлупан Шынтасова: Әлеуметтік қажеттіліктерді қаржыландыру бюджеттің 81,9 пайызын құрап отыр

Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының төрайымы Сұлупан Шынтасованың есімі көпшілікке таныс. Ол ұзақ жылдар бойы жергілікті атқару органдарында қызмет атқарды. 2007 жылдың тамыз айында қалалық мәслихат хатшысы болып сайланды.

Біз Сұлупан Шынтасованы Ақтөбенің бүгіні мен болашағы туралы әңгімеге тартқан едік.

 

— Сұлупан Панақызы, құжатта атап көрсетілгендей, «мәслихат — белгілі бір аймақтың жай-күйіне жауапты өкілдік орган». Осы органның басшысы ретінде сіз Ақтөбе қаласының соңғы жылдардағы экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени салалардағы жай-күйін қалай бағалайсыз? Жеке пікіріңіз бойынша, қандай жаңалықтар, оқиғалар халыққа ерекше пайдалы болды?

— Соңғы жылдардағы еліміздегі оң өзгерістер мен зор табыстар Ақтөбе өңірі, соның ішінде Ақтөбе қаласына да тән. Қала өмірінің бар саласында да жақсы өзгерістер бар. Соның ішінде әлеуметтік мәселеге баса мән беріліп отыр. Кейінгі жылдары қаламызда ауруханалар, мектептер мен балабақшалар, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Қаламыздың бюджеті де жылдан-жылға артып келеді.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы кәсіпорындардың жалпы саны 300-ден астам. 2010 жылы өнеркәсіп өнімі 176,5 миллиард теңгені құрады. Аллаға шүкір делік, біздің кәсіпорындар әлемдік дағдарыс сатыларынан сәтті өтіп келеді.

Шағын және орта бизнестің әлеуметтік-экономикалық дамудағы үлесі жыл сайын артып отыр. Қазіргі таңда  30 803 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Олардың 21 245 бірлігі жұмыс істеп тұр. 2011 жылдың 1 тамызы күнгі мәлімет бойынша, кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны 99 945 адамды құрады.

2010 жылы әлеуметтік-мәдени маңыздағы көптеген нысандар іске қосылды: қаладағы бірінші жерасты жолы, алғашқы көпқабатты автопаркинг, 200 орындық көпқабатты балалар ауруханасы, Красносельское селосындағы мектеп, «Болашақ» шағын ауданындағы балалар және жасөспірімдер орталығы және басқалар.

2010 жылы мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында тоғыз жаңа өндіріс орны ашылды. Бұл 863 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Мен қалалық мәслихат депутаттары сайлаушы жұрттың мүддесін қорғауға көңіл бөліп отыр деп айта аламын. Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік әртүрлі санаттағы азаматтарға жәрдемақылар мен жеңілдіктер беру, мектептер мен балабақшалар салу, қала және оның аумағындағы елді мекендерді коммуналдық желілермен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалы сынды маңызды мәселелерді әрдайым назарда ұстап отырмыз.

— Қалалық бюджетті бекітетін де, оның орындалуы туралы есепті қабылдайтын да — мәслихат. Өткен жылдар ішінде қала бюджеті қаншалықты өзгерді? Бюджет шығындарында әлеуметтік мұқтаждықтар үлесі қаншалықты?

— Ақтөбе қаласының бюджеті жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың бюджеті 12 819 153 мың теңгені құрап тұр. Бұл көрсеткіш, 2008 жылмен салыстырғанда, 7,72 пайызға жоғары. Соның ішінде, білім беру саласына 7 894 255 мың теңге бөлінген. Бұл жалпы қалалық бюджеттің 61,5 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмекке — 967 054 мың теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына — 874 927 мың теңге, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласына — 768 415 мың теңге, көлік және коммуникацияға 1 256 932  мың теңге бөлінген. Оның орындалуын ревизиялық комиссия қадағалап отырады және бұл мәселе жыл сайын мәслихат сессияларында талқыға түседі.

2008-2011 жылдар аралығында білім беру саласын қаржыландыру — 69 пайызға, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек беру 56,3 пайызға, мәдениет, спорт, туризм салаларын қаржыландыру 18 есе өсті. Әлеуметтік қажеттіліктерді қаржыландыру жалпы бюджеттің 81,9 пайызын құрап отыр.

Айта кетейін, бүгінгі күнгі қала бюджеті қаланың өзекті мәселелерін шешуге жеткіліксіз. Облыстық мәслихаттың шешімімен салықтар түсімінің жалпы сомасынан Ақтөбе қаласына: жеке табыс салығы бойынша — 24 пайызын; әлеуметтік салық бойынша да 24 пайызын бөлу белгіленген. Ал Қазақстанның басқа облыстарын алатын болсақ, бұл көрсеткіштер 50 пайызды құрайды. Біз осы мәселені облыстық мәслихат депутаттарының алдына бірнеше рет қойдық. Әзірге бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Ал болашақта бұл тілегіміз орындалар болса, қаланың көптеген өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік туар еді.

— Ақтөбе — жыл сайын өсіп келе жатқан қала. Қала маңында жаңа ауылдар пайда болды. Сол ауылдардың мұң-мұқтажы, оларды шешу жолында істелген істер туралы не айтасыз?

— Иә, қала жыл сайын өсіп келеді. Ақтөбе қаласын Қазақстандағы миллион тұрғыны бар қалалар қатарына қосу — алға қойылып отырған үлкен мақсаттардың бірі. Қала маңында жаңа елді мекендер, жаңа шағын аудандар пайда болды. Әрине, бұл ауыз су, газбен жабдықтау, балабақша, мектептер құрылысы, жол, жолаушылар тасымалы сынды жаңа мәселелерді де туындатты.

Осы мәселелерді шешу үшін қолға алынып жатқан шаруалар аз емес. Мәселен, биылғы жылдың бюджетінен 206,6 миллион теңге «Сумен жабдықтау жүйесін дамыту» бағдарламасына бағытталды. Осы бағдарлама аясында Сазды ауылы сумен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, Заречный-2 ауылындағы — 240 орындық, Ақжар-2 ауылындағы — 150 орындық, Садовое ауылындағы 100 орындық мектеп құрылыстары қаржыландырылған. Қызылжар, Красносельское ауылдарында мектеп құрылыстары аяқталды. Жаңақоныс, Кірпішті ауылдарына жол салынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдан-жылға жалғасын табатын болады.

Дегенмен, қазіргі таңда шешілмеген мәселелер де бар екені рас. Бұл, негізінен, қаржы мәселесіне байланысты болып отыр.

Қаламызды көркейтіп, өз тұрмыс-тіршілігімізді алға жетелеу мақсатында, ақтөбеліктерге айтарым — барлық мәселені мемлекет қаржысына тіреп қоймай, өз тарапымыздан да белсенділік көрсетелік. Мысалы, шағын балабақша, дәмхана, тігін шеберханасы, монша сынды табыс көздерін ашуға талпынуға әбден болар еді. Елімізді көркейту жолында біздің әрқайсымыздың белсенділігіміз қажет дегім келеді.

— Барлық депутаттар, соның ішінде, әрине, өзіңіз де сайлаушылармен кездесіп, олардың өтініш-тілегін тыңдайсыздар. Қарапайым тұрғындар тарапынан қандай бағытта өтініштер көп айтылады? Оларды ерекше толғандыратын мәселелер мәслихат шешімдерінде көрініс тауып отыра ма?

— Қалалық мәслихат депутаттары өз сайлаушыларымен тұрақты кездесіп тұрады. Кездесу белгіленген кесте бойынша жүргізіледі. Бүгінгі күні депутаттардың атына сайлаушылардан 300-ден астам жазбаша және көптеген ауызша өтініш-арыздар келіп түсті.

Сайлаушылар, негізінен, әлеуметтік қамтамасыз ету; қоғамдық қауіпсіздік; тұрғын үй (тұрғын үй жағдайын жақсарту, несие алуға көмек көрсету, үй құрылысына жер бөлу, жастардың баспана проблемасы); денсаулық сақтау (тегін дәрі алу, қымбат тұратын емді төлеуге ықпал ету); жоғары білімнің қолжетімдігі; балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру; балалар шығармашылығы орталықтарының жұмысын жандандыру, оқушылардың сыныптан тыс білім алуына жағдай жасау; материалдық көмек көрсету сынды мәселелер бойынша өтініш айтады.

Сайлаушыларға депутаттар тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсетіліп, олар көтеріп отырған мәселеге қатысты қолданыстағы заңнама бойынша түсіндірмелер беріледі. Сонымен бірге, депутаттар сайлаушылардың мәселелерін шешу мақсатында құзыретті органдарға депутаттық сауалдар жолдап, келіп түскен жауапты сайлаушыларға жеткізеді.

Әрине, өзекті мәселелер мәслихаттың тұрақты комиссияларында талқыланады және соған байланысты атқарушы органдарға нақты ұсыныстар жіберіледі.

— Халықтың әл-ауқатын көтеру — Елбасымыз алға қойып отырған басты міндет. Осы бағытта мәслихат қандай нақты істерге ұйытқы бола алды? Қандай бағдарламалар бекітілді?

— Мәслихат депутаттарының белсенділігі, жауапкершілігі Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың орындалуына оң ықпал жасап келеді. Халықты жұмыспен қамту, кедейлік деңгейін төмендету, мүгедектер тағдыры, ауыз сумен қамтамасыз ету, қаланы және оның аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, тазалықты сақтау, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу сынды мәселелер — әрдайым депутаттар назарында.

2007 жылдың тамызы мен биылғы тамыз аралығында қалалық мәслихаттың 33 сессиясы өтті. Мәслихат сессияларында 382 шешім қабылданып, 13 бағдарлама бекітілді.

Солардың арасында, «Ақтөбе қаласының 2015 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы туралы»; «Ақтөбе қаласының тұрғындарына коммуналдық қызметтерді тұтынғаны үшін және телефонға абоненттік ақы тарифтерінің өсуіне байланысты шығындарды өтеуге арналған тұрғын үй көмегін беру қағидасын бекіту туралы»; «Әлеуметтік көмек көрсету туралы»; «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушыларына әлеуметтік көмек көрсету туралы»; «Ақтөбе қаласы азаматтарының жекелеген санатының қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруі туралы» шешімдер бар. Бұлардың маңызы атынан-ақ көрініп тұр.

Сондай-ақ мәслихат депутаттары әр мерзімде «2008-2010 жылдарға арналған Ақтөбе  қаласының жастар саясаты Бағдарламасы»; «Ақтөбе қаласы аумағын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған Бағдарламасы»; «Ақтөбе қаласының 2009-2011 жылдарға арналған білім беруді дамыту Бағдарламасы»; «Ақтөбе қаласының 2009-2011 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді Жоспары» сынды құжаттарды бекітті.

— Өзіңізді ерекше толғандыратын мәселелер?..

— Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты әңгіме жиі көтеріліп, жиі талқыланып, дүниежүзілік тәжірибелер төңірегінде әртүрлі пікірлер ортаға салынып келеді. Менің ойымша, жергілікті өкілетті органның ролі мен беделін арттыра отырып, депутаттардың ел, халық алдындағы жауапкершілігін тереңірек ұғынуына жетер болсақ, басты мақсат — сол. Мәслихаттың жұмысына жаңаша мазмұн, жаңаша сипат, өзіндік бағыт беру арқылы, үнемі ізденіспен жұмыс жасап, жергілікті жердегі проблемаларды тұрғындардың тілегіне сай шешу жүйесін іске асыру керек. Мемлекеттің әр мүшесі бір-біріміз үшін жауаптымыз. Халық та, билік те осы  жауапкершілікті неғұрлым терең түсінсе, қолға алған істер соғұрлым нәтижелі болмақ.

 

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button